• Дәрігерлер
  • Емханалар
  • Зертханалар
  • Қызметтер
  • Блог
  • Үздік дәрігер 2026
  • Буллинг: елемеуге болмайтын дабыл белгілері

    Мақала TopDoc редакциясы тарапынан дайындалды

    Сараптаманы жүргізген:

    Манабаев Айдос Қужабекұлы

    31 жылдық тәжірибесі бар психотерапевт

    - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - -

    Біреу әзілдеді — зиянсыз сияқты көрінеді, бірақ көңілге тиеді. Кейін тағы қайталанады, одан кейін тағы. Бірте-бірте мұндай әзілдер тұрақты болып, мысқыл мен ызалы сипатқа ие болады. Сырт келбетке, мінез ерекшеліктеріне, әдеттерге, әрекеттер мен сөздерге тиіседі. Бұрын мұндай әзілді бір адам айтса, енді оған басқалар да қосылады. Сөйтіп, бұл енді күлкілі емес, ренішті бола бастайды.

    Бала мектептен үндемей, көңілсіз болып келеді. Кенеттен достарымен араласуды қояды, бөлмесіне қамалып алады, далаға шықпайды, төсекте ұзақ жатады, шынайы өмірден қашу үшін телефонға көбірек үңіледі. Жағдайын сұрасаңыз, «бәрі жақсы» деп қысқа ғана жауап береді. Ашық сөйлесуге тырысқанда ашулануы мүмкін. Бұл жасөспірімдер фильміне ұқсайды. Бірақ шын мәнінде, бұл — көптеген балалар мектепте, аулада, ал қазір әлеуметтік желідегі топтарда да кездесетін өмірлік жағдай.

    Ата-аналар көбіне: «өтпелі жас», «шаршаған шығар», «өзі шешіп алады» деп ойлайды. Бірақ кейде мұның артында жай ғана көңіл күй немесе белгілі бір жас кезеңі емес, буллинг тұруы мүмкін — әлі күнге дейін ашық айтыла бермейтін күрделі мәселе.

    Мұндай жағдайға тек оқушылар ғана емес, ересектер де әртүрлі әлеуметтік ортада (жұмыс ұжымы, көршілер, туыстар, достар арасында) тап болуы мүмкін, тек ол неғұрлым мәдениетті әрі жасырын түрде көрінеді. Ал балалар арасында буллинг көбіне қатыгез, аяусыз, тіпті өте ауыр формаға айналады. Себебі бала жаста әлеуметтік жетілмеуге байланысты моральдық және адамгершілік ұстанымдар толық қалыптаспайды.

    Буллинг деген не

    Буллинг (немесе қорлау, қудалау) — бұл бір реттік жанжал немесе кездейсоқ ұрыс емес. Бұл — бір адам немесе адамдар тобының басқа адамға жүйелі түрде психологиялық немесе физикалық зиян келтіруі және мұнда күш теңсіздігі болуы. Яғни мұндай қайталанатын әрекеттерге тап болған адам өзін қорғай алмайды, қорқыныш, дәрменсіздік және тығырық сезінеді.

    Қазақстанда балалар арасындағы буллингтің алдын алу бойынша Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен бекітілген ресми ережелер бар. Онда бұл ұғымға мынадай анықтама берілген:

    «Баланы қорлау (буллинг) — қорлайтын сипаттағы, қудалау және (немесе) қорқыту түріндегі жүйелі (екі және одан да көп рет) әрекеттер, оның ішінде қандай да бір әрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мәжбүрлеуге бағытталған әрекеттер, сондай-ақ көпшілік алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілерін және (немесе) онлайн-платформаларды (кибербуллинг) пайдалану арқылы жасалған әрекеттер».

    Маңыздысы — буллингті «балалардың өзара түсініспеушілігі» деп қарастыруға болмайды. Бұл адамның психикасы мен өміріне әсер етуі мүмкін өте күрделі мәселе.

    Қорлауға қатысушылар

    Әдетте буллингке үш тарап қатысады:

    • Агрессор (бір адам немесе топ);

    • Жәбірленуші;

    • Бақылаушылар (болып жатқан жағдайды көріп жүрген адамдар. Олар жай ғана сырттай бақылауы немесе тараптардың бірін қолдауы мүмкін).

    Қорлаудың қандай түрлері болады

    Буллинг әрдайым төбелес түрінде көрінбейді. Керісінше, көбіне ол көзге аса байқалмай басталады, бірақ соған қарамастан ауыр тиеді: ащы әжуа, сырт келбет пен мінез-құлыққа қатысты сын, өсек, талқылаулар. Кейін жәбірленушіге деген теріс көзқарас күшейіп, қатыгездеу сипат алуы мүмкін.

    Вербалды қорлау

    Сөз кейде әрекеттен де қатты жаралайды. Бұған балағаттау, мазақ ету, кемсітетін пікірлер мен қорқыту жатады. Көбіне мұның бәрі басқалардың көзінше болады, бұл ұялу, сенімсіздік пен қорқыныш сезімін одан әрі күшейтеді.

    Мұндай буллинг түрін әлеуметтік (немесе жасырын) қорлау деп те атайды. Айтпақшы, бұл — ең ауыр түрлерінің бірі. Мұнда айқай да, соққы да болмауы мүмкін, бірақ елемеу, ортадан шеттету, өсек тарату, ұжым алдында қорлау болады. Ең қиыны — мұны дәлелдеу оңай емес. Сырттай қарағанда ешкім «жаман нәрсе» жасамағандай көрінеді, бірақ бала өзін керексіз, жалғыз қалғандай сезінеді, өзіне деген құндылық сезімі төмендей бастайды.

    Соңғы жиырма жылда әлеуметтік қорлаудың тағы бір түрі — кибербуллинг кең тарала бастады. Бұл интернеттегі жылдам коммуникациялардың дамуына байланысты пайда болды. Қазіргі таңда агрессорға жәбірленушіні көзбе-көз көру міндетті емес — ол қашықтан-ақ эмоциялық қысым көрсете алады. Қорлау әлеуметтік желілерге, мессенджерлерге, ойын және топтық чаттарға ауысты.

    Мұнда буллинг тіпті қатыгез болуы мүмкін, себебі ол тәулік бойы жалғасады, мәтін, фото немесе видео өте тез таралады, аудитория әлдеқайда кең болады, ал агрессор аноним болып қала алады. Ең қиыны — одан қашып құтылу оңай емес, өйткені телефон әрдайым жанымызда болады.

    Жәбірленушінің заттарын бүлдіру

    Кейде агрессия жәбірленушінің жеке заттары арқылы көрінеді: заттарын ұрлау, сындыру немесе «кездейсоқ» бүлдіру орын алады. Ересектерге бұл «жай ғана зат» болып көрінуі мүмкін, бірақ бала үшін мұндай жағдай өте ауыр тиеді. Балалар көбіне мұны жасырады: «жоғалтып алдым», «біреуге беріп қойдым», «өзім жыртып алдым» деген сияқты сылтаулар айтуы мүмкін.

    Физикалық қорлау

    Көп жағдайда вербалды қорлау уақыт өте келе физикалық буллингке ұласуы мүмкін. Әсіресе жәбірленуші қорқыныш пен әлсіздігін көрсете берсе, агрессорды айналасындағылар қолдаса немесе ересектер тарапынан бақылау болмаса.

    Мұндай қорлауға итеру, ұру, аяқтан шалу, тебу, қимылмен қорқыту жатады. Кейде топ болып шабуыл жасау да кездеседі. Осындай жағдайда балалардың денесінде жеңіл жарақаттар байқалуы мүмкін: көгерулер, соғылған жерлер, тырналған іздер. Бірақ балалар мұндай зорлықты да жиі жасырып, «өзім құлап қалдым», «өзім соғылып алдым» деген сияқты жауап береді.

    Адамның буллингке ұшырап жүргенінің белгілері

    Көптеген балалар мен жасөспірімдер қорлау туралы ересектерге айтпайды. Себебі олар үлкендердің араласуынан, жағдайдың жария болып кетуінен қорқады. Сонымен қатар «шағымданды», «ұстап берді», «өзін қорғай алмады» деген айыптаудан қауіптенеді. Бірақ ата-ана балаға мұқият болса, оның буллингке ұшырап жүргенін байқау қиын емес. Сондықтан мынадай белгілерге назар аудару маңызды.

    1. Физикалық белгілер

    Себепсіз пайда болған көгерулер, тырналған іздер, соғылған жерлер немесе шындыққа жанаспайтын түсініктемелермен бірге жүретін жарақаттар, жыртылған киімдер, «жоғалып кеткен» немесе бүлінген заттар.

    Сонымен қатар баланың ақша сұрауы жиілесе, әсіресе қомақты сомалар сұрай бастаса, бұған да мән беру керек. Өйткені агрессорлар жәбірленушіден ақша немесе қымбат зат талап етуі мүмкін.

    Бала төсектен тұрғысы келмейді, мектепке барудан, мектептегі іс-шараларға қатысудан қашады, далаға немесе аулаға шықпайды, қоғамдық орындарға баруға байланысты тапсырмалардан бас тартады. Бұл жалқаулық емес — бұл қорқыныштың белгісі.

    2. Оқудағы қиындықтар

    Тіпті қабілетті баланың өзі де кенеттен үлгерімін төмендетуі мүмкін. Оқуға және бұрын ұнатқан істеріне қызығушылығы жоғалады, зейінін шоғырландыру қиындайды. Себебі оның ойы үнемі уайым мен ішкі күйзеліске толы болады.

    3. Денсаулыққа қатысты шағымдар

    Ағза күйзеліске жиі физикалық белгілер арқылы жауап береді: бас ауруы, кеуде немесе іштің ауыруы, әлсіздік, тез шаршау. Ұйқы мен тәбет те бұзылады — кейбір балалардың тәбеті жоғалса, енді біреулері керісінше шамадан тыс тамақтана бастайды.

    Кейде бала шынымен өзін нашар сезінеді — бұл «ойдан шығару» емес. Сондықтан мұндай шағымдарды елемеуге болмайды.

    4. Мінез-құлықтағы өзгерістер

    Ата-аналар баланың мінезіндегі өзгерістерді бірден байқамауы мүмкін. Бірақ буллингтің белгілері тұйықталу, ашушаңдық, тез шаршау, жылауықтық, мазасыздық, ішкі кернеу, көңілсіздік, адамдармен араласудан бас тарту, өзіне күтім жасамау арқылы көрінуі мүмкін.

    Бала «менің достарым жоқ», «мен ешкімге керек емеспін» деген сөздер айтуы мүмкін. Бұл — өте маңызды әрі қауіпті белгілер.

    Бұл неге қауіпті

    Кейде ересектер жағдайдың маңызын толық түсінбей жатады. Оларға: «Жай ғана әзілдеп жүр ғой, мұндайдан бәрі өткен» деп көрінуі мүмкін. Бірақ буллинг — жай ғана жағымсыз тәжірибе емес, бұл — адамның психикасына ауыр әсер ететін психологиялық жарақат.

    Мұндай қысымның қысқа мерзімді салдары ретінде невротикалық, аффективті және депрессиялық бұзылыстар дамуы мүмкін. Кей жағдайларда адам өзіне зиян келтіруі, суицид туралы ойлауы немесе соған әрекет жасауы да ықтимал.

    Ал ұзақ уақытқа созылған буллинг өзін-өзі бағалаудың төмендеуіне, қоғамнан оқшаулануға, түрлі психологиялық комплекстердің қалыптасуына әкеледі. Мұндай бала есейген кезде де өз мақсатына сеніммен жете алмауы, шешім қабылдауда күмәндануы, қиындықтардан қашқақтауы және жеке шекарасын қорғай алмауы мүмкін.

    Егер буллинг болып жатса не істеу керек

    Мұндай жағдайда ең бастысы — дүрбелеңге түспеу, бірақ мәселені елемеу немесе «ештеңе емес» деп бағаламау.

    ☑️ Егер буллингке сіздің балаңыз ұшыраса, ең алдымен оған жалғыз емес екенін түсіндіру маңызды. Бала сіздің әрқашан жанында екеніңізді сезінуі керек. Сонымен қатар мұндай жағдаймен жалғыз күресуге болмайтынын айту қажет.

    ☑️ Балаға көбірек уақыт бөліңіз. Одан жағдайды жай ғана айтып беруін сұраңыз. Бірге ойланып, шешім немесе шығу жолын табуға көмектесіңіз. Яғни бұл сәтте сіз айыптамайтын, кінәламайтын, түсінетін және қолдайтын жақын адам болуыңыз керек.

    ☑️ Мұғалімге немесе мектеп психологына жүгінген дұрыс. Бірақ жағдайды ушықтырмас үшін мұны өте сақтықпен, артық жария етпей жасау маңызды. Егер балада невротикалық бұзылыстар байқалса, психолог немесе психиатр көмегіне жүгіну қажет.

    ☑️ Баланың жалғыз қалып қоюына жол бермеңіз. Себебі буллинг көбіне жалғыз жүрген балаларға бағытталады. Сондықтан оның достарымен бірге болғаны, қауіпсіз ортада жүргені және толық оқшауланып кетпеуі маңызды.

    Иә, бұл оңай емес. Бірақ үнсіз қалу көп жағдайда жағдайды одан әрі қиындатады.

    Ренжітушіге қалай жауап беру керек

    Маңыздысы — агрессорлар көбіне адамның эмоциялық реакциясын күтеді. Олар қорқыныш, ашу, ыза, көз жасы сияқты эмоциялардан ләззат алып, өзін үстем сезінеді. Сондықтан кей жағдайларда сабырлы жауап беру, нақты түрде «тоқтат» деу, жағдайдан кетіп қалу (үндемеу, елемеу, алыстау) көмектесуі мүмкін.

    Кейде жағдайға ирониямен қарау, сұраққа сұрақпен жауап беру немесе ренжітушінің сөзімен келіскендей болу («иә, мен сондаймын, сонымен не болды?») әсер етуі мүмкін. Бірақ бұл — барлық жағдайда көмектесетін әмбебап тәсіл емес.

    Ең бастысы

    Көп нәрсе ересектердің реакциясына байланысты. Сондықтан жағдайды міндетті түрде талқылау керек: баладан бұл мәселені қалай шешкісі келетінін сұрау, оны қолдау және жағдайдың қалай дамып жатқанын бақылау маңызды.

    Сонымен қатар буллингтің өздігінен тоқтай бермейтінін түсіну керек. Егер қорлау ұзақ уақытқа созылса, психиатр, психотерапевт немесе психолог көмегі, ал кейін әлеуметтік оңалту қажет болуы мүмкін.

    Буллинг — бұл «есейудің бір кезеңі» немесе «өмірдің қалыпты бөлігі» емес. Бұл адамның психикасына, өзін-өзі бағалауына және болашағына елеулі әсер етуі мүмкін күрделі мәселе.

    Егер жаныңыздағы адам осындай жағдайға тап болса — ең маңыздысы бейжай қалмау.

    Кейде жай ғана жанашырлық таныту, сөйлесу және қолдау көрсету адамның өмірін ойлағаннан да қатты өзгертуі мүмкін.

    TopDoc.kz сайтынан жақсы психолог немесе психотерапевт табуға бола ма?

    Иә, болады! Біздің сайтта түрлі мамандықтағы дәрігерлермен қатар тәжірибелі психологтар да ұсынылған. Көптеген психологтар психотерапевт ретінде де жұмыс істейді.

    Психологиялық білімі бар психотерапевтер емдеуде тек сөйлесу терапиясын қолданады. Ал медициналық білімі бар психотерапевтер сөйлесу психотерапиясымен қатар дәрі-дәрмекпен емдеуді де қолдана алады.

    TopDoc.kz сайтынан жақсы психологты қалай таңдауға болады?

    ☑️ Өзіңізге бағасы, орналасқан жері және қабылдау уақыты бойынша сәйкес келетін психологтардың профилін мұқият оқып шығыңыз.

    ☑️ Сондай-ақ TopDoc.kz арқылы қабылдауға жазылған нақты клиенттер мен пациенттердің пікірлеріне назар аударыңыз.

    ☑️ Егер сайтта бағдарлану қиын болса, +7(707)2255009 колл-орталығына (жұмыс уақытында) қоңырау шалыңыз немесе WhatsApp арқылы жазыңыз.